«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыға Шығыс Қазақстанның өнімдері тікелей жеткізіледі

2016 жылғы 19 Мамыр
- Алматы қаласы
9073 просмотров

Алматыдағы сауда желілерінің иелері ШҚО тауар өндірушілерімен  ынтымақтастық  және тікелей жеткізу туралы меморандумға қол қойды

Алматы Кәсіпкерлер палатасы Алматы әкімдігінде өткен өңіраралық ауыл шаруашылығы кооперациясы аясында Шығыс Қазақстан облысы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері көрмесінің қосалқы  ұйымдастырушысы болды.  Алматы  әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, жыл сайын қала халқы 200 млрд теңгеден астам сомаға азық-түлік тұтынады, оның басым бөлігі импорт тауарлары болып отыр.

«Тек сүт және сүт өнімдерінің өзі 8 млрд теңгеге, ет және шұжық өнімдері 2 млрд теңгеге әкелінеді. Біздің көтерме тауар айналымы 7,8 млрд теңгені қамтиды. Дәл осы тауашаны ШҚО иелене алады. Біз ШҚО азық-түліктің ең сапалы түрлерін өндіретінін көріп жүрміз. Ал Алматы – бұл, ең алдымен, тұтынушылар. Сол себепті біз сапалы әрі арзан қазақстандық өнімді ала аламыз, ал сіздер – үлкен көлемдегі өткізу нарығына ешбір делдалсыз қол жеткізесіздер», – деп атап өтті Ерлан Әукенов.

Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысы Алматыға тағам өнеркәсібінің 100-ден астам  түрін жеткізуде. Іс-шара аясында өткен көрмеде шығыс қазақстандық компаниялардың өкілдері омарта шаруашылығының 17-ден астам түрін, сүт-айран, ет, балық, кондитерлік, панты құрамдастар, өсімдік өнімдерін таныстырды.   

«Біз жылына 300 млрд теңге сомасында азық-түлік өнімдерін өндіреміз. Біздің оларды Алматының сауда желілеріне кеңейтілген ассортиментпен жеткізу мүмкіндігіміз бар. Бүгінгі таңда біз сіздерге 25 млрд теңгеге жуық сомада азық-түлік ұсынып отырмыз. Мен бірнеше күн ішінде өз өңірлеріміз арасында айырбасты жолға қоямыз және жеткізу көлемін ұлғайтамыз деп сенемін», – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.

Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры  Юрий Тілеумұратов тікелей жеткізу туралы меморандумға қол қоюдың өзектілігі мен мәнін атап айтты. «Сәуір айында біз «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың, Алматы және Алматы облысы әкімдерінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің, жергілікті тауар өндірушілер, фермерлер мен ірі сауда желілерінің қожайындарының қатысуымен  ірі іс-шара – аграрлық кооперация негізінде ауылшаруашылық өнімдерін тікелей жеткізу жүйесін дамыту жөніндегі өңіраралық мәжіліс ұйымдастырған болатынбыз. Мәжіліс барысында Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары өндірушілері мен ритейлерлері арасында көпжақты меморандумдарға қол қойылды. Осылайша, Алматы әкімдігі мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда және бұл ұзақ мерзімдік дамудың басым мақсаттарының қатарына кіреді. Тіпті сапалы өнім өндіргеннің өзінде, бүгінгі ауылшаруашылық өндірушісі оны сақтауға қою, бөлшек сауда талаптарына сәйкестендіру, сатып алушыға ұсыну мүмкіндіктеріне ие емес. Сол себепті жергілікті өндірушілердің сауда сөрелеріне қол жеткізуін қамтамасыз етуге көмектесу қажет», – деп көрсетті Юрий Тілеумұратов.   

ШҚО – Алматы әкімдігіне өңіраралық кооперация бойынша келіссөздер жүргізу үшін келген бірінші аймақ. Мұндай отырыстарды еліміздің барлық өңірлерімен өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, Алматыда Мемлекет басшысының қазақстандық құрам үлесін ұлғайту, импортты алмастыру және тұрғындарды төмендетілген баға бойынша азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатты түрде жүргізілуде. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер