«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Белоруссия кәсіпкерлері Алматы кәсіпорындарымен серіктестік орнатуға дайын

2016 жылғы 22 Тамыз
- Алматы қаласы
9516 просмотров

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен екі ел кәсіпкерлерінің арасында іскерлік кездесу өтті

17-21 тамыз аралығында Гомель облысының іскерлік орта делегациясының  Алматы қаласында ресми іссапары өтті. Сапар бағдарламасы аясында белоруссиялық кәсіпкерлер балаларға арналған тауарлардың XI халықаралық мамандандырылған «Балалық шақ-2016» көрмесінің жұмысына қатысты, Алматы қаласының киім өндіруші компанияларымен В2В келіссөздер жүргізді, сауда желілерінің өкілдерімен кездесті, «Қазлегпром-Алматы» ЖШС аралады, Желілерді сатып алу орталығында болып, басқа да шараларға қатысты.

Іскерлік кездесу барысында, тоқыма өнеркәсібі компанияларының өкілдерімен бірге, екі тарап бір-біріне дайын өнім үлгілерін көрсетіп, серіктестікке дайын екендіктерін білдірді.

«Біздің кәсіпорын нарыққа жоғары сапалы жамылғыларды, көрпелерді, тоқымаларды шығарады. Біз ТМД аумағында жақсы жұмыс істеп, өнімдерімізді Еуропа нарығына экспорттаймыз. Бізді Қазақстан нарығы қатты қызықтырады. Біз сіздерде бірінші рет болып отырмыз. «Қазлегпром-Алматы» кәсіпорнында болып, өзара сауда жүргізудің кейбір нүктелерін белгіледік. Алайда бізді бәрінен бұрын қазақстандық қой жүні қызықтырды. Сіздерде меринос қойларының керемет түрлері бар. Біз осы шикізат түрімен жұмыс істеуге әзірміз. Қазір көбінесе жүнді Ресейден сатып алып отырмыз», – деді Белорусияның бағзыдан келе жатқан компаниясы, қазіргі «Сукно» ААҚ бас директоры Дмитрий Куницкий.

Кездесуге қаланың «Семирамида» ЖШС, «ФирмКазцентр» ЖШС, «Мимиорики» ЖШС сынды жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері мен басшылары қатысты.

«Біз қонақтарымызды Алматының үздік тауар өндірушілерімен таныстырып отырғанымызға қуаныштымыз. Біздің ұйымға келіп, кеңес алуларыңызға болады. Палата сіздерге халықаралық жобаларды құқықтық қолдауға, инвесторлармен және серіктестермен іскерлік кездесулерді ұйымдастыруға көмектесе алады. Алматы – тек қана қазақстандық нарыққа кіру қақпасы ғана емес, бәрінен бұрын Еуропаға жол бастайтын қала екенін есте сақтау маңызды. Біздің жолдардың ортасында орналасқан  жағрапиялық жағдайымыз, сондай-ақ мемлекеттік деңгейдегі сауда келісіміміз бизнестің дамуына жол ашады», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі сарапшысы Ақеркін Ерәлиева.

Бұл сапар Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының гомельдік бөлімшесі мен Белоруссияның Қазақстандағы елшілігінің біріккен бастамасымен, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы және Алматы Кәсіпкерлер палатасының қолдауы бойынша  ALEXPO көрме компаниясының қатысуымен ұйымдастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер