«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тәжірибе бәріне керек. Алайда...

2016 жылғы 25 Қазан
9610 просмотров

Тау-кен металлургиясы саласындағы компаниялар жоғары оқу орындарынан білім деңгейі мен біліктілігі төмен жастар келетінін алға тартып отыр

Тау-кен және металлургия кешені мамандарын даярлау деңгейін қалай арттыруға болады? Мамандардың тәжірибесі мен сарапшылардың пікірі мен ұсыныстарын осы материалдан таба аласыздар.

Жұмыс өтілін қайдан аламыз?

Оқу орындары түлектерінің білімі БАҚ пен түрлі деңгейдегі іс-шараларда жиі көтеріліп жататыны жасырын емес. Осылайша, жақында студенттерге сын айтқан  «Арселор Миттал Темиртау» компаниясының еңбек ресурстары және еңбек қатынастары жөніндегі экс-директоры Дмитрий Павлов  кәсіпорында маман тапшы екенін, «қазақстандық он түлектің сегізінің білім дәрежесі төмен» екенін жеткізді. 

Ал түлектер, өз кезегінде, жұмыс өтілінсіз кәсіпорындарға жұмысқа алмайтынын айтып дал болуда. Жастар кәсіпорындарға жұмысқа қабылданбаса, тәжірибені қайдан жинамақ? Яғни, мәселенің шешімін табу қиын.

Мәселен, HeadHunter порталындағы мәліметтерге көз жүгіртсек. Қазақстанда шикізат өндіру саласы бойынша 143 бос орын бар деп есептеледі, олардың ішінде инженерлер үшін – 59 орын бар екен. Бір айта кетерлігі, олардың міндетті түрде жұмыс өтілі болуы тиіс делінген. Ал, өндірістік-техникалық бөлім инженері бойынша бір ғана жұмыс орны бар екені анықталған. Оның жалақысы – 100 мың теңге деп көрсетілген. Металлургия саласы бойынша 128 бос орын болса, жұмыс өтілінсіз тек 3 жұмыс орны ғана қызметке қабылдамақ. Олар – инженер-конструктор, маркшейдер және КИПиА инженері болып отыр.

Түлектердің өздері орын алған жағдайдан шығудың түрлі жолдарын қарастыруда. Мәселен, Татьяна Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік-техникалық университетін «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша бірнеше жыл бұрын тәмамдаған. Ол, аталған мәселеден шығар жол тек кәсіпорындарға барып тәжірибеден өту деп санайды.

«Біздің топта мамандық бойынша  жұмыс тапқандар аз, ал қыздардан тек мен ғана. Бұған мен тәжірибемнің арқасында қол жеткіздім деп ойламын. Себебі мен жерасты кен орындары зертханасында өндірістік тәжірибеден өттім. Өндірістік тәжірибеге қабылдап, маған бәрін үйреткен зертхана меңгерушісіне зор алғыс білдіремін. Мен екінші курстан бастап жұмысқа тұрдым, яғни, оқу мен жұмысты бірге алып жүрдім. Алғашқы уақытта өте ауыр болды, себебі мекемедегі жұмыста бағдарламаларды сауатты қолдану керек болды. Мысалы, Auto Cad, Micromine бағдарламаларын. Мен оқыған уақытта, компьютерлік сауаттылыққа көп мән берілмейтін. Сол себепті, мамандығым бойынша жұмыс жасай бастағанда, ұжымда Auto Cad-ты меңгеріп алдым. Ал, Micromine бойынша қосымша курсқа баруға тура келді.

Менің тобымдағы басқа балалардың 7-і кен орындарында жұмыс жасайды, кейбірі тіпті, жоғары қызметтерге дейін барған, тағы бір бала мен сияқты жобалық істе жұмыс жасайды. Ал, қыздар жағы мамандық бойынша жұмыс жасамайды. Жұмыс өтілі болмай, жұмысқа тұру қыз балаға өте қиын. Жігіттерді тіпті, жұмыс өтілінсіз-ақ жұмысқа қабылдай береді. Ал, геолог-қыздар жұмысқа ешқандай тәжірибесіз оңай әрі жеңіл алына береді.

Студенттердің негізгі қателегі, олар өндірістік тәжірибеден өткісі келмейді. Көбі, оны шахтаны өз көзімен көрмей жатып, «тәжірибеден өтті» деп рәсімдей салады. Бұл үлкен қателік. Ешбір университетте ненің қалай жұмыс жасайтынын көре алмайсың. Халықта «жүз естігеннен, бір көрген артық» деген тәмсіл бар ғой. Мен осы пікірді ұстанамын. Қазіргі студенттерге айтарым, кез келген тәжірибеге сұранып, мүмкіндігінше кен орындарындағы саяхаттарға қатыса беріңіздер. Өндірістік тәжірибеде өз-өзіңізді көрсеткен соң, одан кейін жұмысқа тұру да жеңіл болады»,  - дейді Татьяна.

Бірлесе әрекет ету

Тау-кен және металлургия кешенінің үштен бір бөлігін құрайтын ERG компаниясында, жас мамандар сапасын жақсарту процесіне жұмыс берушілердің өздері белсенді түрде қатысу керек дейді.

«Тау-кен металлургиясы саласы – үнемі жетілдіріліп отыратын және техникалық тұрғыдан дамыған салалардың бірі. Соңғы онжылдықта технология мен қондырғылар, қызметкерлерге деген талаптар күшейе түсті, – дейді ERG корпоративтік коммуникация департаменті мамандары. – Білім сапасының төмендігі мамандар даярлау сапасы мен өндірістің заманауи талаптары арасында қарама-қайшылықтар бар екенін көрсетеді. Бұл ретте, әлеуметтік сұхбат қажет – ол ынтымақтастық түрінде жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, қос тарап та даярлау, мемлекеттік білім беру стандарттарын енгізу және оған сараптама жасау, метариалдық базаны дамытуда оқу орындарына көмек көрсету, өндірістік тәжірибені ұйымдастыру, дуальды білім беру жүйесі, түлектердің жұмыспен қамту мәселелеріне қатысуы тиіс».

Бүгінде топ кәсіпорындары Қазақстандағы 62 оқу орындарымен жұмыс жасайды екен. 2013-2015 жылдары кәсіпорынға білім ордаларының 1 700 түлегі қабылданып, 9 мыңнан астам адам тәжірибеден өткен, материалдық-техникалық базаға қолдау көрсету мақсатында 74 млн теңге бөлінген. Ал, 137 млн теңге – оқушылардың оқуы мен шәкіртақысына бөлінген. Топтың төрт мекемесінде (Қазхром, ЕЭК, Шұбаркөл көмір, Павлодар машина құрастыру зауыты) дуальды білім беру жүйесі енгізіліп, оған 260-тан астам оқушы қатысқан. Компанияның өндіріс алаңдарында оқушылар үшін танысу саяхаттары ұйымдастырылып, оқытушылар үшін тағылымдамалар ұйымдастырылған.  

«Біз мұндай ынтымақтастық қажет деген ойдамыз. Себебі, екі тарап та тығыз байланыс орнатуға мүдделі болып отыр. Кәсіпорындар білім беру мекемелеріне материалдық-техникалық базаны жетілдіруге, түрлі салалардың мамандықтарға деген өзгермелі талаптарын қадағалауға және жедел түрде білім беру бағдарламаларын өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде,  оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Ал, кәсіпорындарда оқу процесіне ықпал ете отырып, «арнайы тапсырыс» бойынша дайындалған мамандарды алуға мүмкіндік туады», – дейді компания мамандары.

ERG-да  «ЕЭК» АҚ мен «Қазақстан алюминиі» АҚ арқылы «Шеберлер мектебі» жобасы іске асырылуда. Шеберлер мектебін бітіру жұмысшыларға қосымша даярлық пен тағылымдамадан өтпей-ақ шебер қызметіне тағайындалуға жол ашады.

Компанияда ЖОО мен орта арнайы оқу орны түлектерін даярлау сапасын жақсартуға қатысты бірнеше ұсыныстар бар. Бұл – заманауи өндірісте қолданылып келе жатқан қондырғылар мен технологиялық процестерді ескере келе, білім беру стандарттары мен бағдарламаларын қайта қарау, теория мен тәжірибе мазмұны сағаттарының сәйкестігін нақты регламенттеу, сондай-ақ, энергетика, тау-кен, металлургия саласы инструктор-оқытушыларының біліктілігін арттыратын мемлекеттік институт құру болып табылады. Аталған мәселелердің шешімі мәселені егжей-тегжейлі зерттеуді, сараптама жүргізуді талап етеді. Бұл ретте, аталған процестерді мемлекеттік құрылымдар және оқу орындарымен тығыз байланыс жасай отырып орындау керек, дейді ERG өкілдері.

Тәжірибе мен сертификаттау

Бұл мәселе турасында, металлургия мен кен алу саласы мамандарын  даярлайтын тарап не айтады екен?

«Қазіргі таңда Қазақстанның ТМК үшін мамандар даярлау процесіне, басқа да кәсіптік салалар сияқты, көптеген түйткілді мәселелер бары анық. Олардың көпшілігі Қазақстанның 2010 жылдан бастап Болон процесіне өту бағдарламасы аясында білім саласындағы жедел реформаларға қатысты болып отыр», –  дейді Қазақстан Республикасы Жобалық менеджерлер одағының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор  Алексей Цеховой. Ғалым көп жылдар бойы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ тау-кен саласы мамандарын даярлаумен айналысып келеді.

«Білім берудің жаңа үлгісіне өтудегі қарама-қайшылықтардың бірі, бакалавриат түлектерінің ТМК кәсіпорындарында өз бетінше жұмыс жасауға дайын еместігі болып отыр. Тәжірибе көрсеткендей, тау-кен инженері мен пайдалы қазбалар саласындағы басқарушылардың құзыреті, өндірістік процестің қиын жағдайларында, тіпті, қысылтаяң ортада басқару біліктілігінің болуымен тығыз байланысты. Сол себепті, ЖОО бакалаврын үздік бітіргендер, өндіріс процестерін ұйымдастыруда тәжірибесі жоқ болса, күрделі өндірістік мәселелерді шешуге қатыса алмаған бойда, жұмысқа қабылданар сәтте, қажетті кәсіби мүддесі жоқ тұлғалар санатына жатқызылады», – дейді сарапшы.

Жақында ғана өткен «Тұрақты индустриалды-инновациялық даму: трендтер мен технологиялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда, профессор А.Цеховой, халықаралық стандарттар мен қағидаттар негізінде кәсіби біліктілікті растау тетіктерін қарау туралы ұсыныс айтты.

«Қазіргі даярлау үлгісіне арнайы инженерлік даярлау блогын қосу күрделі мәселе болып тұр. Яғни, бакалаврға кәсіпорында екі-үш жыл жұмыс істеген соң, арнайы инженерлік даярлық пен кәсіби сертификаттаудан өту мүмкіндігін беру керек», – дейді профессор.

Бүгінде әлемде инженерлерді екі кезеңді даярлаудың екі үлгісі барынша танымал. Бұл инженерлік білім берудің америкалық үлгісі мен техника, технология және үлгі саласы мамандарын даярлау болып отыр. Соңғысын Болондық процесс аясында құрлықтық Еуропа қолданып келеді.  Осылайша, АҚШ-та және басқа да елдерде «кәсіби инженер» мәртебесін алу үшін, бакалавриаттан кейін мамандық бойынша жеті жылдан артық уақыт жұмыс істеп, кейін лицензия және сертификаттаудан өтуі тиіс. Еуропада бакалаврлар мамандық бойынша төрт жылдай жұмыс жасап, сосын, сертификаттаудан өтіп, кәсіби инженерлер қауымдастықтарында «еуропалық инженер» мәртебесін алуы керек. Магистранттар үшін, сертификаттау алдындағы жұмыс тәжірибесі екі жылға дейін қысқартылады.

«Болон процесіне ену жолында, біз кәсіби мамандарды даярлау бойынша, маңызды бір элементке мән бермеген екенбіз. ЖОО түлектерге тек академиялық дәреже береді, ал, әлемде мұндай маман кәсіби маман ретінде қабылданбайды, – дейді А.Цеховой. – Білікті маман болу үшін, ол қандай да бір тәжірибе жинап, сәйкесінше тиісті кәсіби сертификаттаудан өтуі тиіс. Жоғарыда аталған үлгілер бойынша, сертификаттауды мемлекет емес, кәсіби бірлестіктер жүзеге асырады. Тек осындай сертификаттаудан өткеннен кейін ғана, түлектің тегі Халықаралық кәсіби инженерлер тізіміне өтеді», – деді ғалым.  

Профессордың айтуынша, Қазақстандық кәсіби бірлестік таңдау алдында тұр: қазақстандық жеке қауымдастық құру жолын таңдау немесе кәсіби инженерлерден жасақталған халықаралық қауымдастық құрамына ену.

А.Цеховой Қазақстанда ТМК саласы инженерлерін даярлаудың екі үлгісін ұсынды. Бірінші нұсқа: бакалавриат, мамандық бойынша 3 жыл бойы жұмыс істеу және жоғары оқу орындары базасының бірінде арнайы инженер даярлау «кәсіби инженер» мәртебесі берілетін тәуелсіз сертификаттау бойынша жүзеге асырылуы керек.

Екінші нұсқа бакалавриат, екі жылдық магистратура, мамандық бойынша бір жыл бойы жұмыс жасау, инженерлік даярлық блогы және сертификаттау процедураларын қарастырады.

Профессор инженерлік даярлықтан сабақ беретін оқытушыларды мұнай-газ және тау-кен метуллургия кәсіпорындарында тағылымдамадан өту жүйесін жасау және енгізу міндетті деп отыр. Сонымен қатар, ТМД елдеріндегі немесе алыс шетелдердегі кәсіпорындарға бара алатындай етіп, мамандарға халықаралық тағылымдаман өту жүйесін енгізу керек дейді.

«Кәсіби инженер» мәртебесін беруді міндетті түрде республикалық Тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жанынан құрылатын тәуелсіз аттестациялық комитет жүзеге асыруы тиіс. Біздің ойымызша, Тәуелсіз аттестациялық комитет (ТАК) құрамына жұмыс берушілер, мемлекеттік органдар мен кәсіби инженерлік қауымдастықтар өкілдері енуі керек», – дейді Алексей Цеховой.

Осылайша, жұмыс берушілер де, ЖОО өкілдері де, түлектердің өздері де білім алу сапасының кілті тәжірибеде екенін білетін болады. Ендігі кезекте тәжірибені тиімді өндірістік оқыту жүйесіне айналдыратын, барлық тараптар бұдан нақты пайда ала алатындай тетіктерді әзірлеп, енгізу қажет. 

Мария ОМАРОВА


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер