«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үш достың бастамасы: бизнесті бәсеке дамытады

2017 жылғы 28 Желтоқсан
- Алматы қаласы
3339 просмотров

Алматы қаласының студенттері Әлмади Қанатұлы, Нұрсұлтан Есіркепов және Темірлан Беркінбаев жоғары оқу орнында білім алушылар ғана емес. Олар бүгінде жас кәсіпкерлер ретінде танылып келеді. Әуесқой саяхатшылар сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған. Ішкі туризмді дамытуды қолға алған жастар «Kettik Qazaqstan» ЖШС ашып, ресми түрде жұмыс істеп келеді. Жаңашылдыққа жаны құмар жандар хоббиді бизнеске айналдыру жолы жайында ой бөліскен еді...

– ­­Нұрсұлтан, Әлмади, экскурсиялық, саяхат ісін қолға алу идеясы қайдан келді?​

Әлмади: – Мен кішкентай кезімнен серуендегенді ұнаматын. Әкем екеуміз серуенге жиі шығатынбыз, кемпингпен айналыстық. Университетке түскеннен кейін түрлі клубтарға мүше болып, студенттік қоғамдық жұмысқа белсене қатыстым. Кейін Нұрсұлтанмен таныстым. Екеуміздің қызығушылығымыз ұқсас екен. Осылайша 2013 жылдан бастап біз өзіміз тауға шығып, серуендеп жүрдік. Кейін 2015 жылдан бастап қызығушылық танытқан жандардың басын қосып, топпен серуенге шығып жүрдік. Тауға шығып, кіші-гірім саяхат жасау арқылы қызығушылығымыз хоббиге айналды. Уақыт өте келе біздің қатарымызға қосылған адамдар саны арта түсті. Ұйымдастыра алатынымызды түсіндік. Сүйікті ісіміздің табыс алып келетінін білгеннен кейін бірлесіп жауапкершілігі шектеулі серіктестік құруды ойластырдық. Биыл «Kettik Qazaqstan» ЖШС ресми түрде тіркедік. Идея келе салып, аяқ астынан құрылған жоқпыз. Өзіміз сезініп, тәжірибе жинақтап, ұйымдастыра алатынымызға көзіміз жеткеннен кейін ғана осы бастаманы қолға алдық.

Нұрсұлтан: – Әлмади  менен бір курс жоғары оқыды. Ол серуенді өзі ұйымдастырып жүрді. Мен ол кезде аса белсенді емес едім. Дегенмен уақыт өте келе біздің көзқарасымыз бір, қызығушылығымыз ортақ екенін білдік. Сонымен қатар, серуенге шығуға қызыққандардың саны да артты. Осылайша жастардың ортасында ұйымдастырып жүрдік. Биыл бастамамызды ресми тіркеп, кәсіпкер ретінде жұмысты бастадық.

– Серуенге шығатын жандарды қалай табасыздар? Олардың жас аралықтары қандай?

Әлмади: – Бізде табиғатты сүйетін, серуендеуге шығуға құштар жандар өте көп. Цивилизациядан алшақтап, тауға шығып, жаңа адамдармен танысып, орта қалыптастыруға ниет білдіріп жатады. Әрине ең алдымен бір-бірінен естіп хабарласады, одан кейін Instagramm әлеуметтік желісі арқылы байланыс орнатылған. Бізбен серуенге шыққан жандар пікір білдіріп, қызықты өткенін жасырмайды, келесі ретте қай жаққа баратынымызды сұрап та жатады. Топтың тұрақты мүшелеріне айналған 15-20 адамдай бар.

Нұрсұлтан: – Біз 17-25 жас аралығындағы жастарға ден қойып, солармен жұмыс істеп келеміз. Әрине олар белсенді, жаңашылдыққа, экстримге құмар. Біздің тобымызда студенттер, магистранттар көп. Бір серуенімізде шетелдік қонақтар да болды. Атап айтқанда Англия, Египет, Германиядан келген туристер бірге тауға шықты, оларға біздің еліміздің табиғаты ұнағанына сенімдімін.

– Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасымен байланыстарыңыз туралы айтсаңыздар. Арнайы бизнес-курсты оқыдыңыздар ма?

Нұрсұлтан: Біз серуенді ұйымдастырып, осы іспен айналысып келдік. Алайда теориялық жағынан, бизнестің қыр-сырын меңгерудің, заңды, қаржылық мәселелерде бизнес-курстың көмегі көп. Кәсіпкерлер палатасында арнайы бизнес-курстан өттік. Дәріс тыңдап, бизнес-жоспар құру, құжат дайындау секілді кезеңдермен таныстық. Бухгалтерлік, заңдық дәрістер біздің ісімізді ресми тіркеу керектігін жіті түсіндірді.

Әлмади: – Бизнес жаттықтырушылар Мәлік Мұсабеков пен Людмила Лазареваға алғысымыз шексіз. Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылармен байланыс орнатылған. Біз әрдайым хабарласып, кез келген сауалымызды қойып, кеңес ала аламыз. Тіпті серіктестікті тіркеу кезінде де кеңес беріп, құжат дайындауға көмектесті.

– Үш достың бизнестегі жауапкершілігі мен міндеті қалай бөлінген?

Әлмади: – Бізде Нұрсұлтан құжат жағына жауапты. Ал біз Темірлан екеуміз қауіпсіздік пен ұйымдастырушылықты мойнымызға алдық. Жалпы ақылдасып, кеңесіп, бірлесіп шешеміз. Қайда барамыз, не қажет, қалай ұйымдастыратынымызды ақылдасып отырамыз. Серуен бағдарламасын дайындауда түрлі идеяларымызды ортаға саламыз.

Нұрсұлтан: – Біз әзірге тұрақты 5 маршруты қалыптастырдық. Оның үшеуі Фурманов, Құмбел, Абай шыңдары, одан кейін Есік көлі мен Көлсай, одан кейін Семей өңіріне саяхатты қолға алғымыз келеді.

Әлмади: – Семей өңірін таңдап отырғанымыздың басты себебі, жастар жай ғана табиғатқа шығып, серуендеп, уақыт өткізіп қоймай, тарихын танып, мәдени танымын арттыру керек деп ойлаймыз.

– Серуеннің бағытын қалай таңдайсыздар?

Әлмади: – Біз қызмет көрсетуші тарап болғандықтан, жаңа жерлермен өзіміз танысып, ерекшелігін байқап аламыз. Алдымен өзіміз барамыз. Қорық болса, қорықшылармен, сол жерлердің қызметкерлерімен танысып, талап-шарттарын біліп, бағдарламаны қалай дайындау керектігін анықтаймыз. Өзімізге таныс емес жерге бірден бара салмаймыз. Біз серуенді ұйымдастырар алдында кеңесіп, арнайы бағдарлама дайындаймыз. Серуенге шыққанда ойын ойнатамыз, байқау өткіземіз. Жеңімпаздарға естелікке сыйлық береміз. Біздің мақсатымыз жай ғана серуенге шығарып, табыс табу емес. Сонымен қатар жақындастырып, достастыру. Біздің саяхатымыздың арқасында жаңа дос тауып, араласып кеткен жандар қаншама?!

Нұрсұлтан: – Біз қызмет көрсету сапасын жақсартып, өзгерткіміз келеді. Басқа туроператорлар секілді қалыптасқандай клиенттерді жинап алып, экскурсияға шығарып, таныстырып, апарып-алып келумен ғана айналсқымыз келмейді. Біз жастардың сұранысына сай болғымыз келеді. Ең бастысы жарқын, есте қалаларлықтай, қызықты етіп өткізгіміз келеді. Қазірдің өзінде кім жылдам, кім жүйрік екенін анықтайтын жарыстар ұйымдастырып, оларға футболка, саптыаяқ секілді аздаған сыяпаттар дайындаймыз. Алдағы уақытта саяхаттаушылар арасында түрлі деңгейді анықтағымыз келеді. Түрлі атақ беріп, арнайы сыйлықтар ұйымдастыру жоспарда бар.

– Бәсекелестердің қызметін пайдаланып көрдіңіздер ме? Заңды тіркеліп, кәсіп бастағаннан кейін даму жоспарларыңыз қандай?

Әлмади: – Әрине, осы салада қызмет ететіндерді тану керек, олардың қызмет ұсынуы қай деңгейде екенін білу керек. Сол үшін олардың қызметін пайдаланып, бағдарламасымен таныстық. Ерекшеліктері қандай екенін біліп, өз кемшілігімізді түзетуге мүмкіндік береді. Алматының табиғаты әдемі, көрікті жерлер өте көп. Бұл бизнеспен айналысатындар баршылық. Бәсекелестік деген – өсу. Бәсекелестік бар жерде даму болады. Мысалы, келесі жылы осы жобамызды грант байқауына ұсынғымыз келеді. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушы Людмила Лазаревамен кеңесіп, қажетті құжаттай дайындаймыз деп отырмыз.

Нұрсұлтан: – Біз саяхатты Алматы облысында ғана ұйымдастырып келеміз. Біздің қызметтің бағасы осы қызметпен айналысатындардың бағасымен теңдей. Бірақ біздің өз ерекшелігіміз бар. Әрбір серуенді бір-біріне ұқсамайтындай етіп ұйымдастырғымыз келеді.  Келесі жылы, яғни осы қаңтар айында Көлсайға барғымыз келеді. Сонымен қатар бір күндік серуен емес, 2-3 күн арналған саяхатты ұйымдастырғымыз келеді. Өз тарапымыздан көлікпен қауіпсіз апарып, әкеліп қана қоймай, есте қаларлықтай қызықты етіп өткіз, тамақтандыруды да ұйымдастырғымыз келеді. Аздап ланчтар жасасақ, басқа да дүниелер ұйымдастырсақ, біздің қызмет көрсету деңгейіміз өзгеше болады.

Сұхбаттасқандарыңызға рахмет!

Қарлыға Телман

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер