«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Көше саудасына – 1000 орын» жобасы елордадағы мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамтыды

2018 жылғы 04 Сәуір
- Астана қаласы
9168 просмотров

Астанада кәсіпкерлер палатасының бастамасымен соңғы жылдары елордада «Көше саудасына – 1000 орын» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында 630 кәсіпкер бизнесін заңдастырды.

Астана кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Дәурен Сатқанбаевтың айтуынша, 2015 жылы Астана әкімдігі өнімнің 3 түрін көшеде сату үшін 276 орын бөлген.

«Палатаға кәсіпкерлер тарапынан көше саудасына берілетін орын санын арттыруға қатысты өтінім жиі түсті. Аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Палата елорда әкімдігіне сауда орындарының саны мен көше саудасының орнын арттыру ұсынысымен жүгінді. Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен мыңға жуық сауда орны анықталып, сатылатын өнім түрінің саны да артты. Сауда орны 7 жылға беріледі, ал павильондар бірыңғай сәулетпен дайындалады», ­- деді Дәурен Сатқанбаев.

Бұл жобаны пайдаланған кәіпкерлердің бірі – Жәмилә Наурызбаева. Ол 2002 жылдан бері көкніс-жеміс сатумен айналысады. Алдымен базарда сатушы болып бастаған, кейіннен өзінің шағын ғана дүкенін ашты. Бірақ жыл сайын жалға алу мерзімін ұзарту қиынға соққан.

«Көше саудасына – 1000 орын» жобасы арқылы алдымен жерді 7 жылға жалға алдым, одан кейін павильон аштым. Бұрындары осы орында маусымдық өнімдерді сататын едім. Енді жыл бойы жұмыс істеймін, ай сайын 20 мың теңге жалға алу құнын төлеймін, зейнетақы және салық аударымдарын жүргіземін. Барлығы да заң жүзінде», - дейді кәсіпкер.

Жәмилә Наурызбаева осы ісін ұлғайтқысы келеді. Ә.Молдағұлова көшесінен тағы бір павильон ашып, бизнесін отбасылық кәсіпке айналдыруды жоспарлап отыр.

«Көше саудасына – 1000 орын» жобасының жетекшісі Сәкен Әділбеков бұл жобаға қатысу үшін алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, екінші деңгейлі банктен шот ашып, салық қарызы жоқ деген анықтама алу керек.

«Өтінім кеңседе де, www.smartastana.kz сайтын арқылы онлайн режимде де қабылданады. Қойылатын талаптардың тізімі сайтқа жарияланған. Қызығушылық танытқан кәсіпкерлер өз ұсыныстарын сайтқа қалдырып, қызмет түрін, орын саны мен нысанның орналасқан жерін көрсете алады. Барлық сауда орны қаланың сәулетіне сай болуы керек, сондай-ақ санитарлық, өртке қарсы талаптарды қатаң сақтауы тиіс», – деп түсіндірді Сәкен Әділбеков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер