«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғаудың өзекті  мәселелері талқыланды

2023 жылғы 27 Қаңтар
- Алматы қаласы
5101 просмотров

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алаңында бизнесті қорғау мәселелері бойынша брифинг өтті.

Брифинг барысында экология, жер учаскелерін бөлу және бизнес нысандарына инфрақұрылымжелілерін қосу мәселелері талқыланды.

Алматы қаласы  кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткен жылдан бері «бизнесті қорғаудың экожүйесі» жобасын жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Онда мемлекеттік органдармен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.

«Бұл бағытта біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен де тығыз байланыс орнатуға ниеттіміз. 2023 жылы Антикор бизнестің дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударатын болады. Өз тарапымыздан өңірлік кәсіпкерлер палатасы ретінде осы жұмысқа атсалысуға дайынбыз», - деп атап өтті Айтуар Қошмамбетов.

Спикер біздің еліміз үшін стратегиялық міндет 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесін жалпы ішкі өнімде 50%-ға дейін ұлғайту болып қалатынын еске салды. Ортақ күш-жігермен отандық бизнес үшін қолайлы орта құруда оң нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Оразхан қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағытының бірі – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту және халықтың проблемалық мәселелерін шешу екенңн айтты.

«Осыған дейін өңірлік мәселелерге терең үңіліп, әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып, агенттік әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалалар үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Картада ашықтыққа, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешім таба алмайтын өзекті мәселелердің тізімі көрсетілген», - деді спикер.

Алматы қаласында қала тұрғындарын толғандыратын 6 негізгі сала анықталды. Олар - құрылыс және тұрғын үй саласындағы сапасыз құрылыс, әлеуметтік тұрғын үй бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, шет аймақтарды дамыту, экология, атап айтқанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін пайдалану, су қорғау аймақтарының маңында құрылыс салу, ауаның ластануы, экономика және қаржы. Аймақтың экономикалық дамуына бағытталған қаражатты пайдалану ерекше назар аударуды талап етеді. Фискалдық сала, атап айтқанда, кеден, контрабанда, салықтардың түспеуі. Жер. Азаматтар қаланың нүктелік құрылысына, жердің заңсыз бөлінуіне наразы. Әлеуметтік сала. Мұнда білім мен денсаулық сақтау салаларын атап өтуге болады.

Қалада бизнесті дамытудың тиімділігіне әсер ететін бірқатар проблема бар. Атап айтқанда, процестердің ашықтығы, мемлекеттік аппараттағы бюрократия, бизнеске артық талаптар қою, бизнесті ашу мен жүргізудің күрделілігі, заңнаманың жетілмегендігі, бұл мәселелерді және түрлі сыбайлас жемқорлық схемаларын заңсыз шешу үшін қолайлы негіз болып отыр. Мысалы, 2022 жылы Департамент шағын орта бизнеске араласу фактілері бойынша 24 қылмысты тіркеді.

Қазақстан кәсіпкерлері форумының атқарушы директоры Мунавара Палташеваның айтуынша, пандемия мен қаңтар айындағы оқиғалардан кейін Алматы қаласында бизнеске аяққа тұру оңай емес. Сондықтан бұл бірлеске жұмыс кәсіпкерлерге пайдалы болады.

«Біз бизнесті қолдау және қорғау бөлігінде мемлекеттік органдар ұйымдастыратын және бастамашылық ететін барлық бастаманв қолдаймыз. Сыбайлас жемқорлықты түбімен құрту мүмкін емес. Бірақ ықпалын азайту үшін белгілі бір әдістерді қолдану керек. Бүгінгі алаң бизнесті қорғауға көмектесетін мамандармен тікелей жұмыс істеу үшін мүмкіндіктер ашады», - деп атап өтті Мунавара Палташева.

Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы барлық кәсіпкерді, әсіресе шағын және орта бизне өкілдерін белсенділік танытуға және уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан кедергі, заңнама, оның ішінде заңдардың жетілмегендігіне байланысты өзекті мәселелер туралы хабарлап, ашық айтудан қорықпауға шақырады.

Еске салсақ, 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет палатаның көмегімен бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топ құрды, оның мақсаты мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметіне жан-жақты талдау жасау.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер