«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда электр самокатқа сұраныс күрт төмендеуі мүмкін

2023 жылғы 16 Мамыр
- Алматы қаласы
7683 просмотров

Бүгін Алматы кәсіпкерлер палатасының алаңында Көлік және логистика жөніндегі кеңестің «микромобильділік» бағыты бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.

Бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар электр самокаттардың қозғалысын шектеу мәселесін талқылады. Кәсіпкерлердің айтуынша, жақын арада алматылықтар электр самокаттарына деген қызығушылығын жоғалтуы мүмкін, себебі бұл экологиялық таза көлік басты функциясы –  мобильділігін жоғалтуы мүмкін.

 Еске салсақ, Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда электр самокаттарға арналған жаңа қағидаларды енгізетін заң қабылдады. Қағидалар көліктің осы түрін пайдалануды шектейді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес-қоғамдастық жаңа түзетулерді талқылап, өзгеріс бизнестің дамуына қалай әсер ететіні туралы өз пікірін білдірді.

Жиында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәймбетов оңтүстік астанада электр самокаттардың танымалдылығын атап өтті.

 

«Өткен 2022 жылы электросамокаттарды жеті миллиондай адам қолданған екен. Былай айтқанда қазіргі метродан да танымал болып тұр. Өткен жылғы статистикаға қарасақ, 150-дей жол ережесін бұзушылық болған. Сол үшін тәртіп те керек, сымен қатар бизнесстің мүддесі де ескерелуі керек. Осы мәселенің де бір шегіне келу үшін бүгін жиналыс өткізіп жатырмыз», – деді Әуез Тәймбетов.   

 Спикер Алматыда кикшеринг қызметтері бойынша 4 компания жұмыс істейтінін, онда жалпы парк 150 мың бірлік самокатты құрайтынын атап өтті.

 Қазақстанда кикшеринг бизнесі енді ғана қарқын алып, табыс әкеле бастағаны да маңызды фактор болып отыр. Мысалы, бір ғана «Jet Sharing» компаниясының жалпы сатылымы 2 жылда 2 есе өсті. Компания Қазақстан бойынша 1200-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, ал отандық бюджетке тек өткен жылдың қорытындысы бойынша 458 млн теңгеден астам қаражат салды.

 Компания өкілдері Алматы іскерлік қала және мобильді мегаполис үшін мобильділік мәселесі өте маңызды екенін айтады.

«Біз бизнесті 2021 жылдың наурызында бастадық. Біз Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Грузия, Украина, Беларусь, Сербия нарықтарына қысқа мерзімнен шыға алған алматылық компаниямыз. Компания Қазақстанда құрылғаннан бері біз самокат паркіне 7 млн доллар инвестиция салдық. Компания үшін, ең алдымен, клиенттерімізге сағатына 6 шақырымнан асырмай жүру өте ыңғайсыз. Мобиьділіктің мәні жоғалады. Сервистік компания ретінде біз үшін пайдаланушылардың қауіпсіздігі маңызды. Жолдың оң жағымен жүру қауіпті, ал тротуарлармен 6 км/сағ жүру ыңғайсыз, автобус жолына шығуға тура келеді. Өткен жылы Қазақстан бойынша барлығы 44 жол-көлік оқиғасы орын алып, күніне 30 мың пайдаланушыға қызмет көрсетілді. 2021 жылы 57 жол-көлік оқиғасы тіркелген», – деп атап өтті компания өкілі Талғат Рахымғалиев.

Жаңа қағидаларда веложолдар бойынша сағатына 25 км-ден, жол жиегі, тротуар және жаяу жүргіншілер жолы бойынша 6 км-ден аспайтын жылдамдық көзделген. «Jet Sharing» ЖШС директоры Мусалав Әлибековтің айтуынша, алматылықтар күніне 130 мыңнан аса рет самокат тебеді, ал оңтүстік астанада электр самокаттар қоғамдық көлікке қосымшаға айналды.

Отырыс барысында Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Ольга Агафонова Алматы қаласы ПД-нің жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Нарық қатысушылары жылдамдықты жол жиегі, тротуар және жаяу жүргіншілер жолында 15 км-ге дейін арттыруды ұсынды.

«Тротуарда жүруге басымдық әрқашан жаяу жүргіншіде болады. Жаяу жүргіншілердің жанында жылдамдықты төмендету керек. Өткен жылы самокаттар мен пайдаланушылар санының өсуіне қарамастан, самокат қатысуымен жол-көлік оқиғасы саны азайды. Бұл самокатты пайдалану мәдениеті дамығанын, халықтың мобильді көлік құралына деген көзқарасы өзгергенін көрсетеді. Самокат пайдаланушылар түрлі жол учаскелерінде қалай әрекет ету керегін біледі», – дейді компания өкілдері.

Кәсіпкерлер жаңа түзетулер кикшерингтік бизнестің инвестициялық тартымдылығына ғана емес, оның Қазақстан аумағында болуына да күмән келтіреді деп санайды.

  

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер