«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда алғашқы 12 жайлы мектептің құрылысы бойынша мердігерлер анықталды

2023 жылғы 01 Маусым
- Алматы қаласы
6792 просмотров

«Алматыбасжоспар» ҒЗИ алаңында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысты жиналыс өтті. Іс-шара отандық өндірістің құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарының көрмесінен басталды. Алматы қаласының, сондай-ақ жақын маңдағы өңірлердің өндірушілері кабельден бастап, заманауи оқушы парталары, қасбет жабындарына дейін материалдарын ұсынды.  Іс-шараға «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, «Bazis Construction» ЖШС, BI Urban Construction өкілдері қатысты.

«Мектептерді салу және жабдықтау үшін қажетті көптеген өнім шығарылып жатыр. Кейбір компаниялар мектеп құрылысына арналған өнімдер туралы жеке буклеттер, каталогтар дайындап келген. Министрлік те бұған назар аударады деп үміттенеміз. Бұл да маңызды», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәймбетов бүгінгі кеңестің мақсаты – Мемлекет басшысының өңірдегі елішілік құндылықты дамыту және қаланың отандық тауар өндірушілерін қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, Алматыда 12 мектепті салу бойынша алғашқы мердігерлер анықталды.

«Алматыда ұлттық жоба аясында 22 мектеп салу жоспарланған. Болжам бойынша, 2030 жылға дейінгі мектеп жасындағы балалардың жыл сайынғы өсуі шамамен 13-14 мыңды құрайды, сондықтан орын тапшылығы проблемасы «созылмалы» сипатқа ие. Биылғы жылы 22 лоттың 13-і жарияланды. Бір лот болған жоқ. 12 мектептің тоғызын «Bazis Construction» ЖШС салады, тағы 3 мектепті – BI Urban Construction салады. Бүгін тапсырыс берушілер, мердігерлер мен өндірушілердің қатысуымен жобаны одан әрі іске асыруды талқылау бойынша кездесу өтіп жатыр», – деп атап өтті Әуез Тәймбетов.

Еске салсақ, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 963 қаулысымен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жоба бекітілді.

Жиында Әуез Тәймбетов елішілік құндылық жөніндегі комиссияны жаңартуды және үлгілік регламентке қайта қол қоюды ұсынды.

Комиссияның өткен жұмысы шеңберінде «Алматы кәсіпкерлері» пулы құрылды, оны әзірлеу кезінде техникалық ерекшеліктерді талқылау бойынша отандық тауар өндірушілердің қатысуымен жұмыс тобы құрылды, проблемаларды анықтау және кәсіпорындарды жүктеу үшін оқу семинарлары, кәсіпорындарды аралау өткізілді.

«Саланың нақты мәселелеріне, соның ішінде басқа өндірушілерге де назар аударайық. Біріншіден, бізде ішкі өңірлік өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі бүгінгі таңда 4.7% -ды құрайды. Әкімдік бұл үлесті 9%-ға жеткізу міндетін қойды. Тапсырмалар, түсініп отырғандарыңыздай көлемді және шынымен де бізде ұлттық жоба аясында жайлы мектептер салудың бұрын-соңды болмаған көлемін ескере отырып, бұл жергілікті өндірісті толыққанды ауқымға дейін дамытуға мүмкіндік беретін өте үлкен мүмкіндік. Бұл жиһазға ғана емес, сондай-ақ барлық өндірушіге қатысты, өйткені біздің елімізде мұндай құрылыс болмағанын бәріміз білеміз», – деп атап өтті Алматы қаласы мәслихатының депутаты Игорь Проценко.

Спикер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдерінен техникалық құжаттаманы бекіту процесін тездетуді сұрады.

Кездесуге қатысушылар жобаны іске асыру мерзімі өте қысқа екенін атап өтті.

«Қазіргі кезде Алматы қаласы бойынша 9 мектеп бойынша шартқа қол қойылды, жалпы еліміз бойынша 11 жобаны іске асырып жатырмыз.  Қазір бес мектеп бойынша мобилизациялық жұмыстар жүргізіп, аумақты қоршауға кірістік. Сонымен қатар, консорциум бойынша серіктестеріміз жобалық жұмыстарға кірісті. Уақыт, бәрі білетіндей, өте қысқа. Осы жылдың соңына дейін жобалау-сметалық құжаттама, сараптамамен келісілуі тиіс. Ал келесі жылдың желтоқсанында біз барлық мектепті пайдалануға беруіміз керек. Бар жауапкершілікті ала отырып, біз жұмысқа кірістік», – деп атап өтті «Bazis Construction» ЖШС мектептерді жобалау дирекциясының директоры Александр Колесников.

Спикер келісімшартта «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырыс берушісінің бірінші кезекте жергілікті өндірушілердің өнімдерін пайдалануға қатысты қатаң талабы бар екенін атап өтті. Айыппұл санкциялары қарастырылған.

«Тек ерекше жағдайларда, егер нарықта қандай да бір материал өндірілмесе, біз тапсырыс берушінің келісімімен және мемлекеттік сараптамадан өту арқылы өндірушіні ауыстыра аламыз», – деп түсіндірді Александр Колесников.

Анықтама: Білім министрлігінің деректері бойынша 2026 жылға дейінгі тапшылық болжамы 1 млн-нан астам оқушы орнын құрайды. Осыған байланысты, екі ауысымда 800 мың оқушы орнын жабатын бірыңғай құрылыс және жабдықтау стандартын қолдана отырып, жаңа форматтағы 401 мектеп салу жоспарланған.

2022 жылы Алматы қаласында 6 мың оқушы орнын қамтитын төрт жаңа мемлекеттік мектеп салынды. Қосымша 1800 орынды екі мектеп сатып алынды. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бастап Алматыда алдағы үш жыл ішінде республикалық бюджет есебінен 37 100 оқушыға арналған 22 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ, қалада «1000 мектеп» жобасын іске асыру жалғасады, оның шеңберінде 2023-2025 жылдар ішінде 27 150 орынды 36 мектеп пайдалануға беріледі.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер