«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда жыл сайынғы Womеn in Business іскерлік форумы өтті

2024 жылғы 20 Ақпан
- Алматы қаласы
12496 просмотров

Алматы қаласында іскерлік ортада жылсайынғы басты оқиғалардың бірі  – Women in Business халықаралық форумы өтті. Бір алаңға бизнес-қоғамдастықтың табысты, танымал спикерлері мен кәсіпкерлер жиналды. Қонақтарға тиімді нетворк, сапалы контент, бірегей кейстер мен іскерлік ортадағы ең өзекті ақпарат ұсынылды.

Алматы қаласының Іскер әйелдер кеңесі, Halyk Bank және Masterсard  ұйымдастырған форум жұмысына 300-ден аса табысты әйел кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, даму институттары, ірі компаниялар, банктердің басшылары қатысты.

  «Бүгін бір алаңға бизнестің түрлі салаларындағы табысты кәсіпкер әйелдер жиналды.  Форум жыл сайын өтеді. Біз іскер және жаңадан кәсібін бастаған әйел кәсіпкерлер үшін мазмұнды және пайдалы бағдарламаны ұсындық. Әр сессия –  белгілі бір тақырыптың жеке блогы, онда сарапшылар пікір бөлісіп, табысты кәсіпкерлер тәжірибесі туралы айтады. Жылдан жылға форумның аясы кеңейіп, оған жақын және алыс шетелден қонақтар, спикерлер қатысып жатыр», – деп атап өтті форумды ұйымдастырушы, Алматы қаласының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева.

ҚХР Бас консулы Цзян Вэй әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту – жаһандық тұрақты даму мақсатындағы маңызды мәселе екенін атап өтті.

«Бұл форумды қазіргі күрделі жаһандық ахуал аясында өткізу, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту сияқты тақырыптар бойынша пікір алмасу және талқылау маңызды практикалық мәнге ие және уақыттың айрықша ерекшеліктерін көрсетеді», – деді Цзян Вэй өз сөзінде.

«Даму» қорының басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаева әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау туралы айтты.

«Үкімет Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен көңіл бөледі. Соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бар. Әйел кәсіпкерлердің жобалары «Даму» қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-ын құрайды. Қор қызметінің барлық кезеңінде әйелдер кәсіпкерлігінде 2 893 млрд теңге сомасына 96 мың жоба қолдау тапты. Қазіргі кезде кәсіпкер әйелдер өз бизнес-идеяларын іске асыру, компанияларды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру үшін мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады», – деп атап өтті «Даму» қорының басқарма төрайымы ГауҺар Бөрібаева.

«Даму» қорының мәліметінше, кәсіпкер әйелдер көбіне қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейді.

АҚШ-тың бас консулы Мишель Еркін әйелдердің қоғам, экономиканың өркендеуіндегі рөлін атап өтті.

«Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту – жалпы өркендеуді қамтамасыз етудің кілті. Сондықтан біз әйелдер үшін лайықты ақы төленетін, сапалы жұмыс орындарын құру арқылы экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында Қазақстанмен ынтымақтасуға ниеттіміз», – деді АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркін.

Dasco Consulting Group басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов сауда саласындағы әйелдердің рөлі туралы айтты. Dasco Consulting Group мәліметтері бойынша, елдегі әрбір бесінші жұмыс істейтін әйел сауда саласында қызмет етеді. Саудадағы әйелдердің 15%-дан астамы Алматы қаласына тиесілі.

«Алматы қаласы саудамен айналысатын әйелдер саны бойынша көш бастап тұр. Бірақ олардың үлесі небәрі 52%-ды құрайды. Ұлытау және Қостанай облыстарында сауда секторында жұмыспен қамтылғандардың 67%-ыы әйелдерге тиесілі. Саудадағы әйелдердің ең аз үлесі Түркістан облысында қаласында, онда көрсеткіш 47%-ды құрады», – дейді Дәрмен Сәдуақасов.

Спикер жалпы экономикаға қарағанда сауда секторында жоғары білімі бар әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі экономикада 38%-ды, ал сауда секторында 49%-ды құрайды. Керісінше, саудада техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 45%, ал Қазақстанда жалпы – 56%-ды құрайды», – деп толықтырды спикер.

Форумда әлеуметтік кәсіпкерлік және қайырымдылық тақырыбына жеке сессия арналды. Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева әлеуметтік кәсіпкерлікті өз бизнесін дамытуға және қалалар мен ауылдардың дамуына елеулі үлес қосуға ұмтылатын адамдар қалыптастыратынын айтты.

   Мысалы, Halyk қоры Қазақстанда өмір сүру сапасын жақсарту және дамыту үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етумен айналысады. Қор жыл сайын өңірлердегі әлеуметтік жобаларға миллиардтаған теңге бөледі. Aл  Ayala қоры 2010 жылдан бастап елдегі балалар өлімінің көрсеткішін екі есеге төмендетуге көмектесті және осылайша БҰҰ-ның тұрақты дамуының  17 мақсатының біріне («денсаулық пен әл-ауқат») қол жеткізу процесіне қатысты.

«Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Halyk қоры ретінде біз басқа қорлармен бірлесіп, осы маңызды саладағы үлес пен тиімділікті күшейту үшін ұсыныстар беруге дайынбыз. Содан кейін осы ұсыныстарды одан әрі жетілдіру мақсатында уәкілетті мемлекеттік органға жолдаймыз», – деді Halyk қорының директоры Нариман Әбілшайықов.

 «Әйелдердің лидерлік жасампаз принципі көптеген жыл бойы Қазақстанның экономикасы мен қоғамының түрлі аспектілерін белсенді түрде өзгертіп келеді. Ірі қазақстандық қайырымдылық ұйымдарын әйелдер басқарып отыр. Олар өз бизнесін қатар дамытып, мемлекетке өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесіп жүр», – деп атап өтті Ayala қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдана Сүлейменова.

 Форумның негізгі тақырыптары: әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі халықаралық трендтер, экономика және қаржы мәселелері, әлеуметтік жауапкершілік, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары.

  Women in Business – кәсіпкер әйелдерге арналған диалог алаңы. Онда бизнес-орта, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігі, экономикалық саясат, салалық мамандандыруды дамытудың анағұрлым түйткілді тақырыптары талқыланатын болады.

 Форум жұмысына «Halyk Bank» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, АҚШ Бас консулы Мишель Еркін, ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, IFC Қазақстан өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджамин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаева, Еуразия аймағында Strategy серіктесі PwC консультациялық практикасының көшбасшысы Наталья Лим, Қазақстандық баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова және басқа спикерлер қатысты.

Форум аясында қатысушылар еліміздің табысты әйелдер және кәсіпкерлерімен қарым-қатынас жасау, тәжірибе алмасы мүмкіндігіне ие болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер