«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қалдықтарды сұрыптауды сәби кезден үйрену керек – сарапшылар

2024 жылғы 31 Мамыр
- Алматы қаласы
3557 просмотров

Алматы қаласы Теректі ықшам ауданындағы «Айша» балабақшасының алаңында «Қалдық заттарға екінші өмір сыйлау» тақырыбында семинар практикум өтті. Шараға қалалық білім беру басқармасы, «Атамекен» Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғам белсенділері мен ата-атаналар қатысты.

«Айша» жекеменшік балабақшалар желісінің құрылтайшысы Ұлдар Еділова семинар жұмысын бастап, қазіргі кезде т ұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинаудың маңызына тоқталды.

Дүние жүзінде 1950 жылдардан бастап жылдық пластик өндірісі 0 деңгейінде болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 335 миллион тоннаға дейін өскен.

БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 400 миллион тонна пластик өндіріледі. Бұл жағдайда шамамен 79%-ы полигондарға немесе қоршаған ортаға түседі. Соның небәрі тек 9%-ы қайта өңделеді.

«Осы тенденция жалғаса берсе, 2050 жылға қарай әлемдегі пластик қалдықтар мен қоқыстың көлемі 12 млрд тоннаға жетеді. Демек адамзат қалдықтарды сұрыптап жинап, қайта өңдеуді қолға алмаса, планетаға орасан зор залал келтіріледі», – деді Ұлдар Еділова. 

Микропластик - тамаққа, суға және ауаға енетін диаметрі 5 мм-ге дейінгі ұсақ бөлшектер. Болжам бойынша, планетадағы әрбір адам жылына 50 мыңнан астам пластикалық бөлшектерді тұтынады, ал ингаляцияны ескерсек, ол айтарлықтай көп. Лақтырылған немесе өртенген бір реттік пластик адам денсаулығы мен био алуантүрлілікке зиян келтіреді, тау шыңдарынан теңіз түбіне дейінгі барлық экожүйелерді ластайды.

 Сондықтан семинарды ұйымдастырушылар күнделікті тұрмыста аса мән бере бермейтін қатты тұрмыстық қалдықтарды ұтымды  кәдеге жарату және оларды қайта өңдеуді әріптестеріне және балаларға түсіндірудің маңызды екенін жеткізгісі келеді. Мамандардың айтуынша, балаларға экологиялық тәрбие беруде ата-ананың рөлі орасан.

«Қазақта баланы жастан деген әдемі тәмсіл бар. Бала тәрбиені айналасына қарап алады, өзгелердің іс-әрекетіне еліктейді. Сондықтан тұрмыстық қалдықтардың тасталынуын  азайту жолында ата-ана, балабақша тәрбиешілері, қоғам болып бала санасына сіңіруі керек», - деп атап өтті Ұлдар Еділова. 

Семинар практикум барысында «Жібек жолы» - этно ұлттық тәрбие» көрінісі қойылды. Көрініс барысында балабақша мамандары балалармен бірге ұжымдық жұмыс жүргізді. Қалдық материалдардан жұмыртқа латогі, дәрет қағазы, картондардан көлемді түйе мүсіні, көптеген жануарлар мүсіндері жасалды. Папие-маше әдісі қолданылды. Осы процесте балалардың еңбек етуге талпынысы, құлшынысы сезілді.

«Қоқысты сұрыптау сияқты дағды тәрбие экологиялық мәселелермен тығыз байланысты екені белгілі. Саналы және дені сау ұрпақты тәрбиелеу үшін баланы планетамызға қамқорлық жасауға үйрету маңызды. Осы бағытта балабақшалардағы осындай практикумдар өте тиімді тәлім деп санаймын», -  деді Алатау аудандық білім бөлімінің бас маманы Мәншүк Зейітова.

Кездесуде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жанар Ибрагимова нарықтық экономикада баланы жастайынан кәсіпке баулу маңызды екенін айтты.

«Бала тәрбиешінің қасында жүріп жоқтан барды жасауды үйренеді, утильге кеткен дүниелерге екінші дем беріп, шығынсыз өнім дайындауға болатынын, оны жәрмеңкеге шығарып сатып жатқан жағдайда кіріс пен шығысты есептеуді, кәсіпті дөңгелетуді зерделейді.  Қаржылық сауаттылық та балабақшадан басталады», - деді Жанар Ибрагимова.   

Қоқысты дұрыс жинап, кәдеге жарату бағытындағы кәсіпорындардың да рөлі маңызды. Мысалы, «Kazakhstan Waste Recycling» ЖШС ай сайын шамамен 4000 тонна макулатура жинайды және сұрыптайды, осылайша 85 мыңға жуық ағаш немесе 10 шаршы шақырым орманды кесуден сақтайды.

Сонымен қатар балақайлар «Бір уыс мақта» ертегісі,  «Я получил двойку» қойылымын сомдады. Қуыршақтар театрының реквизиттері,  қуыршақтары шұлықтан, ескі ойыншықтардан жасалған.

Семинар барысында мектепке дейінгі білім мамандары мен ата-аналарға қалдықтардан пайдалы ойыншық жасау шеберлік сабағы өтті. Ата-аналарға қалдық заттардан балалардың дамуына үлесі бар ойындарды бойынша лайфхак көрсетілді. «Айша» балабақшасының психологі Мөлдір Серкқызы қатысушыларға «Жыл мезгілі» атты жаттығуды көрсетіп, бірге жаттығу жасады. Айта кетелік, «Айша» жекеменшік балабақшасында 250 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер