«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Цифрландыру мәселелері: «КЕДЕН» жүйесінде туындаған олқылықтар

2024 жылғы 24 Желтоқсан
1083 просмотров

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде (МКК) кеден саласын цифрландыру мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. МКК өкілдері мен бизнес-қауымдастық «КЕДЕН» жаңа ақпараттық жүйесінің іске қосылуы жөнінде сөз қозғады.  

2023 жылы басталған «КЕДЕН» ҰИП қараша айында ресми түрде іске қосылды. Тестілеу кезеңінде оның функционалдығы экспресс-жүктерді декларациялауда тексеріліп, кейін кәсіпкерлер көптеген техникалық ақауларды байқаған. Әзірлеушілер оларды жоюға міндеттеме алғанымен, жүйені толық іске қосқаннан кейін проблемалар ауқымы кеңейе түсті.

Бизнес-қауымдастық жүйенің көптеген ақауларына шағымданды. Мәселен, жүктерді рәсімдеуге және бақылаудың барлық түрлерін жүргізуге жауапты «Транзит» модуліндегі қателіктер көптеген компанияның жұмысын тоқтатты. Құжаттар үлкен кідірістермен өңделіп, жүк көліктері бос боп, шығындары артқан.

Аталмыш шара бизнес-қауымдастық үшін өз талаптарын МКК өкілдеріне тікелей жеткізуге мүмкіндік берді. Кездесуге қатысушылардың арасында Комитет төрағасының орынбасарлары Әнуар Сүлейменов пен Қайрат Жұмағұлов болды. Кәсіпкерлерде біраз мәселе жинақталып қалған екен. Талқылау барысында 88 нақты проблема айтылды. Өкінішке қарай, біраз сұрақ жауапсыз қалды.  

Жүйенің кедендік құжаттарды XML форматында жүктеуге мүмкіндік бермейтіндігі айтарлықтай наразылық тудырды. Бұл көптеген пайдаланушы үшін ыңғайлы болғанымен, мәселе 4 айдан бері талқыланып келеді, дегенмен әлі де нақты шешім жоқ. Мемлекеттік орган өкілдері бір апта ішінде шешім қабылдауға және 27 желтоқсанға жоспарланған келесі кездесуде нәтижелерін хабарлауға уәде берді.

«КЕДЕН» жүйесінің техникалық жағы да сұрақтар туғызады. Палатаның «АСТАНА-1» және жаңа «КЕДЕН» жүйелерін қатар пайдалану туралы сұрауына МКК мүмкін еместігін жеткізді.

Сонымен қатар, транзитті рәсімдеу кезіндегі қателер декларация беруді баяулатып, жүйеде деректерді сақтау әрі есеп беру қарастырылмаған. Әлсіз интернет сигналы ақауларды тудырып, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеудегі кідірістер жүктердің тоқтап қалуына және оларды сақтауға қосымша шығындарға әкеледі.

Кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссияның 2025 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енетін 2023 жылғы 30 мамырдағы №73 шешімін ертерек енгізу мәселесі де қозғалды.

Бизнес-қауымдастық тарапынан мұндай асығыс шешім ертең өзін ақтай алатынына күмән туындады. Бұл мәселе бойынша да нақты жауап болмады.

Тараптар алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстар бойынша келіссөздер жүргізе алды. МКК жүйесінің жаңа модульдерін іске қоспас бұрын тестілеуді жүргізіп, кәсіпкерлерді оның нәтижелері туралы алдын ала хабардар етеді. Сондай-ақ, 23 желтоқсанға жоспарланған жүктерді уақытша сақтау мәселелерін жеке талқылау туралы шешім қабылданды. 

Кездесу соңында «Атамекен» өкілдері МКК-не жедел кері байланыс орнату туралы өтініш білдірді. Қатысушылардың айтуынша, бұл туындаған мәселелерді тезірек шешуге және жаңа жүйенің айналасында жинақталған шиеленісті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Ұлттық палата бизнес-қауымдастықтың назарына бүгінде МКК кәсіпкерлердің барлық мәселелерін «Кеден ҰИП» жеделхат-чаты арқылы қарайтынын еске салды (https://t.me/kedenkgdgovkz), онда түрлі бағыт бойынша 2 мыңға жуық қатысушы бар:

  • Алдын ала ақпарат және КД (транзитті ресімдеу мәселелері);
  • «Уақытша сақтау» (УСҚ мәселелері, кеден қоймасы);
  • «Пайдаланушыларды тіркеу» ЖСН (кәсіпкерлер жүйесінде тіркеу мәселелері);
  • «КТС қамтамасыз ету» (кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу мәселелері);
  • «Техникалық жұмыстар туралы» (ҰИП техникалық қателер мәселелері);
  • «Оңтайландыру бойынша ұсыныстар (кәсіпкерлердің ұсыныстары);
  • «Сабақтас қызметтерді бақылау» (шекарадағы басқа қызметтермен мәселелер);
  • «Кеден заңнамасы» (кеден заңнамасындағы өзгерістер туралы хабарлау).

Кәсіпкерлердің мәселелері еленбеген жағдайда МКК-не е-Otinish арқылы жүгіну ұсынылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер