Гүлнар Бижанова: «Тікелей іскерлік байланыстар құру – табысты ынтымақтастықтың өзегі»
Астанада «Атамекен» ҰКП басшылығы, елшілік, мемлекеттік органдар, Қазақстан мен Чехияның ұлттық компаниялары мен іскер топтарының қатысуымен «Қазақстан – Чехия» бизнес-форумы өтті.
Форумның мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және бизнес субъектілері арасында тікелей келіссөздер жүргізу мүмкіндіктерін құру болды.
Форумның ашылуында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінде кен өндіру, қайта өңдеу және салалық кластерлерді дамытудың озық технологиялары саласындағы ынтымақтастық ерекше қызығушылық тудыратынын жеткізді.
«Қазақстан минералдық ресурстар саласындағы бірлескен жобалар үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Біз үшін кендерді, оның ішінде аса маңызды минералдарды, техногендік-минералды түзілімдерді, процестерді цифрландыруды экологиялық өндіру және тиімді өңдеу технологиялары ерекше сұранысқа ие. Металдарды терең өңдеу, тау-кен металлургия секторы кәсіпорындарының айналасында өнеркәсіптік салалық кластерлерді дамыту жөніндегі бірлескен қызмет туралы жобаларды мұқият қарастырамыз», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Г. Бижанова негізгі мақсат тек тауар айналымын ұлғайту ғана емес, сонымен қатар тұрақты өндірістік тізбектерді құру екенін айтты.
«Біздің мақсатымыз тек тауар айналымын арттырып қана қоймай, тұрақты өндірістік тізбектер, бірлескен өндірістер, білім мен озық технологиялармен алмасуды құру», - деді ол.
Өз сөзінде Чехия Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Мартин Фрелих мұндай форумдар екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды орнатуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Чех тарапы Қазақстанға жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіреді. Біз бұл форум жаңа бірлескен бастамалардың іске қосу алаңына айналатынына және тұрақты серіктестік қатынастардың дамуына тың серпін беретініне сенімдіміз. Форум Қазақстанның халықаралық диалогқа ашықтығын, сондай-ақ экономикалық өсудің ұзақ мерзімді стратегиясы аясында Чехиямен ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығын көрсетті», - деді М. Фрелих.
Тұрақты экономикалық байланыстарды қалыптастыру, бірлескен өнеркәсіптік бастамаларды дамыту және технологиялық әріптестікті ілгерілету тараптар арасындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимылдың негізі ретінде қарастырылады.
Бизнес-форум қазақстандық және чех кәсіпорындар арасындағы B2B-келіссөздер форматында жалғасты.
Аталмыш іс-шара қос тараптың екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілігінің жоғары деңгейін айқындады.
Г. Бижанова атап өткендей, Қазақстанда салықтық жеңілдіктер және инвесторлар үшін жеңілдетілген рәсімдермен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Сондай-ақ, барлық салаларды қамтитын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құралдары белсенді дамып келеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: