«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» құрылғанға дейінгі кәсіпкерлік келбеті

2016 жылғы 09 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
10574 просмотров

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий Ұлттық палатаның құрылуы мен оның бизнестің ортақ «үйіне» қалай айналғаны туралы баяндап берді

– Игорь Владимирович, Қазақстанға не себепті ҰКП сияқты ұйым қажет болды?

– Өз қызметімді еске алып, уақытты 5-7 жылға кейін шегеретін болсам, орта кәсіпкердің қызметі мынадай сипатта болатын: таңертеңнен ол бір тексерушіні күтіп алады, одан кейін қандай да бір құжаттарды рәсімдеу үшін жер қатынастары бөліміне жүзінші рет жүгіріп барып келеді, сосын анықтама алуға жүгіреді, одан соң лицензиялық рәсімдерден өтеді, қайтадан кезекті тексерушіні күтіп алуға шапқылайды,  тексерушілердің барлығын сыйдыру үшін, бүкіл кабинеттерді босатады, кезекті байқауға қатысу мақсатында өтініштердің көшірмесін дайындайды, және соңында, жұмыс уақыты біткеннен кейін өз шаруасымен айналысуға тырысады.

Дәл осылай болды. Бұл барлық  кәсіпкерлердің есінде. Міне осы қарбалас жұмыстың бел ортасында жүрген кезде, бір нәрсені өзгерту керек болды. Қауымдастықтардың саны да көп еді. Кейбіреулерінің құрамында 2-3 кәсіпкер болатын. Олардың көпшілігі өз мәселелерінен әрі аса алмады. Әлбетте, әр кәсіпкердің қызығушылығы бір-біріне керағар келетін. Мысалы, шағын бизнеске керек дүние – ірі бизнеске керек емес болатын, ал ірі бизнеске керегін – шағын бизнес қажет етпейтін.

Сондықтан көптің көкейінде, билікпен арадағы келіссөздер күшін арттыру үшін, кәсібімізді қалай біріктірсек болады деген сауал туындады. Көптеген қауымдастықтарды ешкім шынайы қабылдаған жоқ. Қандай да бір салалық, тіпті жүйелі сауалдарды, өмірлік маңызды мәселелерді көтеру кәсіпкерлер үшін өте қиын болатын. Сол себепті, кәсіпкерлердің қадірлі қонағы тұтынушылар емес, тексерушілер еді.

Міне, мұның бәрі кәсіпкерлердің ортақ үйі бола алатын, мәселелерін шешуге қол ұшын беретін, бастамаларына қолдау білдіретін, олардың жай ғана жанайқайын ести алатын ұйым құру қажеттілігіне алып келді. Аталған мәселелердің барлығын жүйелі, жаңа деңгейде шешу керек болды. Сондай-ақ, кәсіпкерлер жұмыс істей алатын, жұмыс істегісі келетін жағдайды құру керектігін түсінді.

 – Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құруға 3 рет талпыныс жасалыпты. Алайда бұл 2012 жылы «Атамекеннің» қазіргі басшылығының ғана қолынан келді. Сіздің ойыңызша, бұның себебі неде?

Шынымен де, Палата құру мәселесі ұзақ уақыт шешімін таппай келді. Мен тіпті алғашқыда осындай ұйымның құрылуына қарсылық білдіргенмін. Басқа қауымдастықтармен бірге міндетті мүше болуға қарсы болғандықтан, бұл процесті тоқтатуға тырыстық. Бірақ, біз қазіргі басшылықтың ұстанымдары мен идеяларымен танысқан кезде, олардың көздегені бізге жақын екенін түсіндік. Біз бизнеске көрсетілетін дәл осындай қарым-қатынасты, дәл осылай бизнес мүддесін дамытуды, осындай дәрежеде құқығымыздың қорғалғанын көп жылдан бері күткен едік. Сол себепті біз шет қалғымыз келмеді, сөйтіп осы командаға қосылдық.

– Сіздің осы ұйымның құрылуына күмәнмен қараған кезіңіз болды ма?

- Ұлттық кәсіпкерлер палатасын, Өңірлік кәсіпкерлер палатасын ұйымдастыру процесі менің есімде. Біз түнімен Палатаның жұмысы қалай құрылу керек, бизнестің мойнына мінген кезекті масыл ұйым болмауы үшін не істеу керек, кәсіпкер өз мәселесін айтып, оның шешілетініне сенім білдіре алатын, өз үйіне келгендей қолдау көретін ұйым құру үшін не істегеніміз дұрыс деген  сауалдарды қоя отырып, ұйымдастыру құрылымын жасадық. Ол кездер мен үшін өте қымбат. Әлбетте, бізді қабылдай қояр ма екен, бизнес бізге сенім білдіре ала ма деп біраз ойландық. 

Бүгінде бизнестің бізге сенім артқанын көріп отырмыз. Әрине, бәрінің бірдей ризашылық білдіруі мүмкін емес. Бірақ, кәсіпкерлердің «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Тәуелсіздік жылдарында құрылған, бизнес үшін аса қажетті құрылымдардың бірегейі» деген ыстық ықыластарын естігенде, көңілің бір марқайып қалады.

Біз бұларды өзіміздің кәсіпкерлерімізден естиміз. Бұл құрылымның олар үшін маңызды екенін сезінеміз. Жұмыс уақыты аяқталып, кешке үйге барған соң, бүгін бір кәсіпкерге жер телімін рәсімдеуге көмектестік, енді бірінің қылмыстық ісін жаптық, үшіншісінің өнім алуына көмектестік, төртіншісінің кәсібін сақтап қалдық, бесінші кәсіпкерге несие алып бердік деп айтып отырудың өзі адамға күш сыйлайды. Жұмысыңа деген шабытыңды арттырады. Сол сәтте, бекерге тер төкпегеніңді, бұл іске құлшына кіріскен еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің және де сенің жұмысыңның кәсіпкелердің бизнесін жақсартуға үлкен мүмкіндік беретінін сезінесің. Мұның бәрі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сезім.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер