«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Юрий Тілеумұратов: «Кәсіпкерлердің алғысын алу қанаттандырады»

2016 жылғы 19 Қыркүйек
- Алматы қаласы
11698 просмотров

Өзінің үшжылдық белесінде Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 2013 жылдан бастап 2016 жылға дейін кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын ұйымға шағын және ірі компаниялардың атынан мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың көп бөлігі оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің 8,8 млрд теңге болатын құқығы қорғалған. Мұның артында өз ісінің мамандарының күнделікті, тынымсыз жүргізген еңбегі жатыр. Экономика және құқық саласының жоғары білікті мамандарынан тұратын ұжымды басқару – оңай шаруа емес. Міне бір жылдан бері Юрий Тілеумұратов  Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры лауазымында жұмыс істеп келеді. Біз бүгін Юрий Жұмабайұлынан ол басшылық етіп отырған уақытта Өңірлік палатаның қандай жетістіктерге жеткені туралы және де алдағы даму стратегиясы мен жоспары қандай екенін білген едік.

Юрий Жұмабайұлы, соңғы бірнеше жылда, бүкіл Қазақстандағыдай, Алматыда да кәсіпкерліктің ерекше дамығанын бақылап отырмыз. Бұл көрсеткіштің жақсаруында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының да айтарлық үлесі бар. Сіздің ойыңызша, Палата кәсіпкерлердің сенімінен қалай шықты? Мемлекеттік органдардың ұйымға деген көзқарасы өзгерді ме?

– Біріншіден, әріптестерімді 3 жылдық мерейтоймен құттықтап, алда көптеген жетістіктерге жетуін тілегім келеді. Ия, шынымен де,  бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді  қолдап, қорғай алатын  ұйым ретінде қалыптаса алды. Бизнес-құрылымның ең басты міндеті кәсіпкерлік пен билік арасында жүйелі келіссөздер орнату болатын. Менің ойымша, біз бұл міндетті сәтті орындап жатырмыз. Кәсіпкерліктің дамуына екі жақтың да қызығушылығы басым. Алайда, билік пен бизнес кейде әртүрлі  тілде сөйлеп кетеді. Міне, осы жағдайда Палатаның қызметі аса қажет. Біздің ұйым адал әрі табысты еңбегінің арқасында, асқан жауапкершілікпен, мемлекеттік құрылымдар арасында болсын, бизнес-қауымдастықтың арасында болсын үлкен беделге ие болып отыр. Біз бүгінде соның арқасында көптеген мәселелерді шеше аламыз. Міне үш жылдан бері, күнен-күнге кәсіпкерлерге көмек қолын созып келеміз. Біздің жұмысымыздың ауқымдылығына мына сандарға назар аудару арқылы бағалай аласыздар. Мысалы, рұқсат ету құжаттарының саны 3 есеге, оларды рәсімдеу мерзімі 5 есеге қысқарды. Мұндай жетістікке жету үшін Палата ауқымды жұмыс жүргізді. Атышулы «жүзметрліктің» күшін жою да Палатаның арқасында жүзеге асқан болатын. Естеріңізде ме, білім ордаларынан 100 метр қашықтықта орналасқан дүкендер мен кафелерде алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынған еді ғой? Барлығы 15 жыл бойы мұның жемқорлық нормасы екенін түсініп келді. Егер білім алушы ішімдік ішкісі келсе, 101 метрге де, 120 метрге де бара салады. Неге 99 метрде болмайды да, 101 метрде болады? Осыған байланысты ҰКП 1 жыл көлемінде жұмыс жүргізіп, ақыры бұл норманың күшін жойғызды. Осы сынды мысалдардың мыңын болмаса да, жүзін келтіре аламын. Біздің жұмысымыздың тағы бір нәтижелі көрсеткіші – Doing Business рейтингісінде Қазақстанның орнын жақсартуы болды. Бұрын біздің еліміз алғашқы жүздіктің соңында келе жатқан болатын, ал қазір біз әлемдік көрсеткіштің 41-орнына көтерілдік. Яғни, бүгінде Қазақстанда бизнес жүргізу Ресейге, Түркияға, Италияға немесе тіпті Израильге қарағанда анағұрлым тиімдірек деген сөз. Бұл біздің жеке кәсіпке көрсететін көмегіміздің соңы емес деп ойлаймын. Өйткені бұл рейтинг Алматы қаласының деректеріне негізделіп жасалады. Дүниежүзілік банк бізді ең көп реформа жүргізген мемлекет ретінде атап отыр. Елімізде он бағыттың жетеуі бойынша 19 реформа жүргізілді. Кәсіпкерлер палатасы тұрақты жұмыс істейтін Doing Business кеңсесін ашты. Оның базасында Үкіметпен, министрліктермен және Алматы әкімдігімен бірге, кәсіпкерлікті жүргізуге кедергі келтіріп отырған, 30%-дан астам рұқсат беру рәсімдерін қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алда Дүниежүзілік банк өкілдерінің біздің елге келуі, сондай-ақ Қазақстанның Doing Business рейтингісінде отыздықтың қатарына енуі күтілуде.

– Мұның себебі  кәсіпкерлердің көпшілігі Алматыда болғандықтан ба? Жұмыстың  да бұл жерде айтарлықтай көптігінен бе?

– Әрине! Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполистердің бірі, тұтынушылары да  көп қала. Алматылық кәсіпкерлер мемлекет бюджетінің 30% кірісін қамтамасыз етіп отыр. Қала шағын және орта бизнестен 70% салық алып отыр. Біздің қаламыздың экономикалық құрылымы еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда ерекшеленеді. Мысалы, 40% – бұл сауда-саттық, 40% – қаржылық, тұрмыстық, өндірістік қызметтер. Тек қана 20%-на ғана кәсіпорын, көлік қатынасы және байланыс жатады. Әлбетте, ішкі өңірлік өнімді қамтамсыз етіп отырған салаларда көптеген мәселелер кездесуі мүмкін. Және де біз әрқашан өзіміздің кәсіпкерлерімізге қарай бағдар жасауға  тырысамыз.

– Сіздің есебіңізге сүйенсек, Палатаға жүгінетіндердің саны күн санап артып келеді. Жыл өткен сайын бұрынғы мәселелер кездесе ме , әлде өзгеріп отыра ма?

– Егер біз бұрындары кәсіпкерлерге көбінесе, салықтық әкімшілендіру сынды жүйелі мәселерді шешуге көмектессек, қазір бізге жеке мәселелері бойынша жүгінеді. Мәселелерді аз уақытта шешу үшін, біз департаменттер жанынан кеңес беруші органдарды құрдық. Сондай-ақ, ол жерге өзіміздің сарапшыларды қостық. Ұлттық палатаның Қазақстанның билігімен және мемлекеттік органдарымен арадағы жұмысы заңмен қарастырылған ретпен жүргізіледі. Бәрінен бұрын, «Атамекен» ҰКП жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге және сараптауға, Қазақстан Республикасының халықаралық келісімшарт жобаларына, сондай-ақ біздің еліміз қатысуға ниет білдірген халықаралық келісімшарттарға қатысады. Республикалық деңгейдегі, өңірлік деңгейдегі  бірде-бір нормативтік-құқықтық актілер жобасы ҰКП-ның міндетті зерттеуінсіз қабылданбайды. Сондай-ақ ҰКП орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірге кәсіпкерлердің мәселелері бойынша кеңес беру шараларын жиі өткізіп отырады. Біздің жұмысымыздың өте маңызды бағыттарына рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес жасау рәсімдерін жеңілдету, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру және бизнесті жүргізу талаптарын жақсарту жатады. Қазірдің өзінде рұқсат беру құжаттарына, мерзімі мен бизнес шығынына байланысты рәсімдердің санын азайтуға бағытталған төрт түзету пакеті қабылданды. Осы бағыттағы жұмыстарды біз ары қарай жалғастыратын боламыз.

– Сіз 2015 жылдың мамырынан бастап Алматы Палатасының директоры қызметіне келгеннен бері өзіңіз үшін не түйдіңіз?

– Көп нәрсені үйрендім. Кейде өзімнің әлеуметтік желідегі парақшама, күнім бекер өтіп жатқан жоқ  деп жазамын. Сенің жұмысың адамдарға тек қана кәсібін ашуға немесе мәселесін шешуге ғана көмектесіп қоймай, жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретінін түсіну өте ерекше сезім. Жай ғана өмірден алынған мысал. Бірнеше апта бұрын маған бір кәсіпкер келіп жүгінді. Өзі бірінші топтағы мүгедек. Жас жігіттің аты Нұржан. Ол мамандығы бойынша психолог екен, және де осы сала бойынша өзінің жеке кабинетін ашуға шешім шығарған. Жеке кәсіпкер ретінде ол маған ғимаратты жалға алуына көмектесуімді өтінді. Алғашқы кезде барлық шығындардың орынын толтыру қиын екені түсінікті жағдай. Мен бірнеше кездесулер жүргізіп, Нұржанға клиенттерді қабылдайтын кабинет тауып бердім. Өңірлік кеңестің мүшесі, «Сұңқар» емханаларының басшысы Қуаныш Керімқұлов біздің өтінішімізге тез арада жауап қатып, психологқа кабинет бөліп берді. Ол жерге тіпті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті жиһаздарды орналастырып, компьютер орнатып берді. Осы аптадан бастап кабинет өз жұмысына кірісті. Осындай мысалдар легі өте көп. Күн сайын кәсіпкерлердің алғысын алу жігерлендіріп, қанаттандырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер