«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кедендегі кедергілер

2016 жылғы 20 Қыркүйек
- Алматы қаласы
6720 просмотров

Қазақстандық кеден брокерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков кедендегі бизнестің бірқатар мәселелері жөнінде баяндап берді

Қазақстанның кедендік жүйесі, бюджетті қалайда толтыруға емес, кәсіпкерлермен бірлесу мен келісімге келуге бағытталған түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Бұл пікірді «Атамекен» ҰКП жанындағы Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте кәсіпкерлік пен кеден органдарының өзара іс-қимылын күшейту туралы» кезекті отырысында Қазақстанның кедендік брокерлері қауымдастығының  төрағасы Геннадий Шестаков білдірді. Біз сарапшыдан эксклюзивті сұхбат алдық. Ол кеденде жүріп жатқан үдерістерге қатысты өз пікірін ортаға салып, аталған мәселелерді шешу жолдарымен бөліскен болатын.

– Геннадий Алексейұлы, Қазақстандағы кедендік декларациялардың негізгі түйткілді мәселелері қандай?

– Біздің кеденшілеріміздің басты мәселесі кедендік бағаны анықтауға келіп тіреледі. Халықаралық құжаттармен мақұлданған, сондай-ақ, Кедендік одақтың кедендік құн туралы келісіміне сай белгіленген жеңілдіктердің қарапайым реті бар. Ол жерде жеңілдік түрлері мен рәсімдеудің барлық реті көрсетілген. Алайда біздің кедендегілер, осы жеңілдіктер көрсетілген жағдайда, сатушы мен сатып алушы бірден өзара тәуелді тұлғаларға айналады деп шешіпті. Біз мұның мүмкін емес екендігін де айттық, кеденге хат  та жаздық. Бірақ, жеңілдік – тұлғалардың өзара тәуелділік белгілерін көрсетеді деген ресми жауап алдық. Ал  халықаралық заңдардың еш бірінде ондай заң белгіленбеген. Бұған, барлығын құны бойынша тексеріп, қосымша тексеру жүргізуге өтініш беретін тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) себеп болып отыр. Сондай-ақ егер біз барлық қажетті құжаттарды алып келсек те, кедендік құнын растай аламыз деген сөз емес. Осыдан келіп шығатын қорытынды, біздің кәсіпкерлеріміз үшін жүктерді  Кедендік одаққа мүше Қырғызстан, Ресей, Белоруссия сияқты елдердің кеденінен тасымалдау анағұрлым тиімді.

– Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Бұл түзетулерді жаңа Кеден кодексі үшін  белгілеп қойдық. Енді ол енсе, 2017 жылдан бастап жұмыс істейтін болады деп үміттенеміз. Ал кедендік құн туралы келісім болса, Кеден кодексіне еніп үлгерді. Енді кедендегілердің осы заң нормаларын орындаудан басқа амалы қалмайды деп ойлаймыз.

– 2017 жылға дейін күтуден басқа амал жоқ па?

– Ия, басқа амал жоқ. Қорғасқа байланысты мынадай жайт бар. Ол жерде шекара қызметі мен уақытша сақтау қоймасының (УСҚ) иесі мемлекеттік шекара арқылы өткізу сызбасын жасаған. Нормаға сай, егер көлік құралы өткізу пунктін кесіп өткен жағдайда, онда жүк тасымалдаушының  жағдайды баяндауға немесе тауарын кеден қоймасына орналастыруға 3 сағат уақыты  бар.  Уақытша сақтау қоймалары алғашқыда пайда түсіру үшін барлығын өзіне қойдырған болатын. Сосын біз мәселе көтеріп, мұның заңға қайшы әркет екенін, 3 сағаттық норма сақталуы тиіс екенін айтып жазған едік. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін қайтадан мемлекеттік шекарадан өткізу сызбасы пайда болды. Бұл жолы әскери бөлім бастығы мен УСҚ иесінің қолдарымен куәландырылған.

– Мұны шекара қызметі мен УСҚ иесінің заңсыз әрекеті деп бағалауға бола ма?

– Әрине! Олай деуге толық негіз бар. Мәселе көтересің, олай етуге болмайтынын түсіндіресің. Нәтижесінде ретке келтіріп жатқандай болады. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін барлығы сол баяғы қалпына түседі. Уақытша сақтау қоймасын бірде жауып тастайды, бірде ашады. Иелері жиі ауысып кетеді...

Келесі мәселе – үш мемлекеттік органнның бірлесіп шығарған бұйрығы. Олар: ветеринария инспекциясы, ауыл шаруашылығы кешенінің инспекция комитеті және мемлекеттік кірістер департаменті. Олар көлік-логистика орталығында, шекарадан тауар өткізу кезіндегі тексеріске ұқсас, жеке бақылау түрін жүргізеді. Бір-біріне ұқсас бақылаудан екі рет өтудің қандай қажеттілігі бар? Осы ережелерге сай кеден қызметкері тауармен бірге келген құжаттарды алып, бақылаудың барлық түрінен өткізіп, қажетті мөрлерді басып, кедендік рәсімдеу үшін декларантқа тапсыруы керек. Ал мұның барлығы керісінше жүріп жатыр. Қазір кәсіпкерлер өздері қала ішінде жүгіріп жүр. Кеденшілер аталған рәсімдерден өтіп, басқа бақылаушы орган оған мөр басып беруге кететін уақыт ережеге сай белгіленген. Бірақ бұл мерзімді іс жүзінде ешкім сақтап отырған жоқ. Бұл шаруаға кем дегенде 4-8 сағатқа созылып жатыр. Егер бұрындары аталған мәселе тек Астанада ғана болса, қазір осындай бақылауларды бүкіл Қазақстанға енгізу туралы бұйрық шықты. Енді бәріміз осы талондармен жүгіреміз. Бұл мемлекеттік кірістер департаментіне сондай керек болса, онда мұнымен өздері айналыссын. Бірақ кәсіпкерлердің есебінен емес. Біз электронды декларациялауды 2004 жылы енгізуді ұсынған болатынбыз.

– Сіздер тіпті кеден басшысының атына хат жолдадыңыздар емес пе?

– Жауабын күтіп отырғанымызға бір ай болды. Алайда, біздің өтінішімізді қанағаттандырмағандары белгілі. Кедендегілердің айтуынша, осы мәселеге байланысты бұйрықтың жаңа жобасы келіпті. Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары Ғосман Амриннің айтуынша, Қытайдан тауар алып келумен біздегі сыртқы экономика қызметінің 3 мыңға жуық қатысушысы айналысады. Олардың шамамен 700-і  – адал қызмет етіп отырғандар болса, 2 мыңға жуығының  кім екендері белгісіз, және де олардың жүзге жуығы – контрабанды. Мен олардан кеден әкімшілігің жұмысына көңілі толмайтын, сіздерге жиі шағым түсіретін сол 2 мыңның тізімі, рәсімдеу мерзмі, құны, тауар біліктілігі бар ма деп сұрадым. Әлі күнге дейін дұрыс тіркеу мен декларация жоқ. Біз декларацияның қашан тіркелгенін, қашан шығарылғанын, кеденшілердің нені қолданып отырғанын білмейміз. Электронды декларацияны біз баяғыда 2004 жылы енгізуді ұсынғанбыз. Алайда оны енгізуді әлі күнге дейін созып жүр. Кәсіпкер өзін ақтап алуы үшін сотқа жүгінуі керек. Бірақ біздің шағымымызды сотта ешкім тыңдап жатқан жоқ. Қысқасы, бұл мәселелерді  Үкімет деңгейінде көтеріп, прокуратураға жүгінгеніміз жөн. Кеден құнын барынша көп мөлшерде жинап қалғысы келген кеденшінің бір сәттік пайдасынан гөрі, бюджетке ақша түсіріп отырған салық төлеуші маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер